Лекциялық кешен.
1-лекция
Тақырыбы: Дүниетануды оқыту теориясы мен
технологиясы пәнінің мақсаты мен міндеті. «ДОТмТ»
пәнінің зерттеу әдістері, басқа ғылымдармен
байланысы.
Мақсаты:
Дүниетануды оқыту әдістемесі сабақтарында негізгі қаралатын мәселері.
Ғылымның дамуы, оған үлкен үлес
қосқан ғалым-әдіскерлердің еңбектерін
талдау.
Жоспары:
1. Пән мазмұны.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы пәнінің
мақсаты мен міндеті.
2. «ДОТмТ» пәнінің зерттеу
әдістері, басқа ғылымдармен байланысы.
1.
Пән мазмұны. Дүниетануды оқыту теориясы мен
технологиясы пәнінің мақсаты мен міндеті.
Дүниетану пәнін оқыту теориясы
мен технологиясы – педагогикалық ғылым. Бұл жаратылыстану
негіздері циклінен алған білімдеріне сүйене отырып бастауыш класта
дүниетану пәнін оқытуға қажетті теориялық,
әдістемелік білім мен білікті, педагогикалық шеберлікті
үйрететін курс болып табылады.
Дүниетану пәні
табиғат туралы жалпы білім жүйесін білдіретін курс. Ол
оқушыларды заттармен құбылыстармен таныстырады, жекеленген
құбылыстардың арасындағы байланыстарды ашады,
қоршаған ортаның даму заңдылықтарын
түсінуге көмектеседі. Курстың негізгі міндеті-бастауыш класс
оқушыларының дүниетанымын қалыптастыру, оның
өзі жаңа құбылыстар мен фактілерді танып білуге
қарай біртіндеп күрделеніп отырады.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы пәнінің мақсаты:
-Жаратылыстану негіздері
циклінен алған білімдеріне сүйене отырып дүниетану
пәнін оқытуға қажетті педагогикалық,
әдістемелік білім мен білікті қалыптастыру;
-табиғат
құрылымдары және олардың өзара байланысы мен
алуан түрлілігі және табиғи құбылыстар мен
олардың белгілі заңдылықтары жайлы біліп, оны
оқушыға жеткізе білуге үйрету:
Дүниетануды оқыту
теориясы мен технологиясы
пәнінің міндеттері:
-Оқу пәнінің
мазмұнын, оқу – тәрбиелік мақсаттарын дұрыс
анықтауға үйрету;
-Табиғат
сұлулығын сезіне, тани білуге
және оны қорғай
білуге баулу;
-Оқу процесінде баланың
қызығушылығын, өздігінен үйрену, танып білу
белсенділігін арттыру мақсатында жүргізілетін оқу жұмыс
формаларын ұйымдастыруға үйрету. Оқушыға
берілетін білім, білік жүйесі адам-табиғат-қоғам
тізбегінен тұратын үш іріленген дидактикалық бірлік
түрінде топтастырылған.
Жаратылыстанудың жалпы
әдістемесінің аса
маңызды міндеттерінің бірі-ғылым ретінде жаратылыс пен
оқу пәні ретінде жаратылыстану арасындағы байланысты
анықтау.
2. «ДОТмТ» пәнінің зерттеу әдістері, басқа
ғылымдармен байланысы.
Дүниетану пәні жоғары кластарда
өтілетін физика, химия, биология, география, астрономия сияқты
пәндердің алғы шарттары. Бастауыш класта алынған осы
ғылымдар төңірегінде алған білімдері жоғары кластарда дамытылады.
Дүниетанудың оқу пәні ретіндегі өзінің
дидактикалық ерекшеліктері бар, бұл оны мектеп курсының
өзге пәндерінен ерек- шелейді. Бұл пәннің теориялық
негізі жаратылыстану негіздері циклі бойынша ботаника, зоология, жертану
және өлкетану пәндері болып табылады.
Төменгі класс оқушылары дүниені
біртұтас күйінде қабылдайды, оның көріністерін
биологиялық, физикалық, химиялық
құбылыстарға бөлмейді. Жаратылыстану білімін
интеграциялап оқытудың алғашқы кезеңінде
табиғат құбылыстары туралы дұрыс, біртұтас
түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді, табиғат
туралы ғылымдарды одан әрі саралай оқып үйренуге
белгілі бір негіз қалайды. Оны оқып-үйрену барысында
дүниенің материалдығы мен танымдылығын,
құбылыстардың өзара байланысын, заңдылықтар
мен эволюция идеяларын түсінуге қадам жасалады.
Қоршаған дүние обьективті
түрде өмір сүретін болғандықтан, ондағы
заттар мен құбылыстары алдымен санада бейнеленеді. Көру, сезіну,
түйсіну арқылы сезім мүшелерге материалдық түрде
әсер етеді де біз оларды қабылдаймыз. Қабылдау барысында
сыртқы сезім мен ішкі сезімдер біріге отырып танымды нақтылай
түседі. Сезім арқылы таныған дүниені ғылыми
біліммен байланыстырғанда ғана білім қалыптасады.
Адам баласы таным арқылы білмеуден білуге
көшеді, сол затты немесе құбылысты танығаннан кейін
таныс еместерін білуге ұмтылады, ізденеді. Таным арқылы заттар мен
құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары
мен айырмашылықтары жайындағы бейнелі қабылдау
нәтижесінде ұғым туады. Осылайша таным нақты
дүниеге, қоршаған ортадағы бар заттарға
негізделсе ғана белгілі мазмұнға ие болады, оны өз
мәнінде танып білу үшін ғылым керек.
Табиғат жайлы ғылымдардың
барлығы айнала дүниенің даму барысын түсіндіру, табиғаттың
даму заңдылықтарын ашу негізін қарастырады. Табиғат
құбылыстарының қарапайым байланыстарын және
өзара тәуелділігін анықтайды. Тірі және өлі табиғат
арасындағы айырмашылықтарды, байланыстарды түсіндіреді.
Табиғат құбылыстарының сырын түсіндіре отырып
материалистік көзқарас, яғни дұрыс
дүниетанымдық көзқарас қалыптастырады.
Мұғалім көмегімен айналадағы табиғатты зерттеу
(бақылау) арқылы олардың табиғатқа деген
сүйіспеншілігін және оны қорғауға деген
ықыласын тудыра отырып, өздері тұрған жердің
табиғат айырмашылықтарын, олардың себептерін анықтайды.
Дүниетану пәні «Адам,»,
«Қоғам», «Табиғат» деп аталатын үш блоктан
құралады. Бұл айналадағы дүние туралы балада
біртұтас көзқарас қалыптастыру және онда
адамның орны мен ролін түсінуге көмектеседі. Дүниетану пәні өзінің
мазмұны мен қисыны және құрылымы жағынан
мынандай елеулі ерекшеліктерімен сипатталады. «Адам» блогы жаңа тарау
болып табылады. Дүниетану біздің мектеп тарихында адамды,
оның айналадағы дүниемен қарым-қатынасын («адам-
өлі табиғат», «адам-тірі табиғат», «адам-басқа
адамдар», «адам-материалдық және рухани мәдениет», т.б.)
жан-жақты қарастырып таныстыруды бастайтын алғашқы
пән екендігін атап көрсеткен жөн. Мұнда бұл
ұғымдардың мәні абстрактылы түрде қалмай,
оқушының өзін-өзі тануы жүзеге асады.
Әр блоктың
мазмұны кластан класқа қарай біртіндеп күрделеніп 1-4-
кластарда үздіксіз оқытылады. Әр блок мазмұнының
өзара байланысы адамның еңбек әрекеті және
бөлінбес бөлігі ретіндегі табиғатпен, негізгі мүшесі
ретінде қоғаммен әрекеттестік қарым-қатынасы
туралы білім мазмұны арқылы жүзеге асады.
Тағы бір ерекшелігі
пән мазмұны қазіргі заманғы ғылыми
білімнің, мәдениеттің әртүрлі салаларынан
(қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары,
экономика, этика, эстетика, құқық, өнер, т.б.)
хабардар ету негізінде дүниені танып білу әдістерімен
(бақылау, тәжірибе, эксперимент, модельдеу, талдау, синтез,
салыстыру, т.б.) оқушыны қаруландыру арқылы оның
ортамен сауатты қарым-қатынасын жан-жақты дамытып,
тәрбиелуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Дүниетану пәні
арқылы оқушы алғашқы тірі және өлі
табиғат, табиғаттағы құбылыстарды, дене мен
заттар, олардың әрқайсысына тән қасиеттерін,
олардың адамдарға қажеттілігі туралы біледі. Осындай
мағлұматтарды ұғына отырып ұғымдар
жүйесі қалыптасып, сөз қоры молайып, табиғат пен
адамның тығыз байланыстылығын түсінеді.
Сондай-ақ, табиғатты аялау, үнемдеу т.с.с. экологиялық
тәрбие беріледі. Бақылау
сұрақтары
1. Дүниетануды оқыту теориясы мен
технологиясы курсы не меңгертеді?
2. Бұл курстың мақсаты
қандай?
3. Оқу пәні ретінде негізгі
компоненттері
4. Басқа қандай ғылымдармен байланысы бар?
5.Табиғатты зерделеу әдістерінің түрлері қандай?
Қажетті
әдебиеттер
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу
құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.
3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения
естествознанию и экологическое воспитание в
начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.
2- лекция
Тақырыбы: Жаратылыстану пәнінің негізгі
бағыты және даму тарихы, кезеңдері. XVIII ғасыр-жарат.
Пәнінің оқу пәні ретінде енгізілуі. Академик В.Ф.Зуев-
жарат. әдіст. негізін салушы, еңбектері, әдістемелік
ұсыныстары. XIX ғасырдағы
А.Я.Гердтің жарат. пәнін оқыту әдістемесі
бағытындағы еңбектері.
Мақсаты: Жаратылыстану пәнінің негізгі
бағыты және даму тарихы, кезеңдері және ондағы
сол кезеңдерге тән идеялар мен еңбектерді танып білу.
Жоспары:
1. Жаратылыстану пәнінің негізгі бағыты және даму
тарихы, кезеңдері.
2. Пәнінің оқу пәні ретінде енгізілуі. Академик
В.Ф.Зуев- жаратылыстану әдістемесінің негізін салушы,
еңбектері, әдістемелік ұсыныстары
3. XIX ғасырдағы
А.Я.Гердтің жаратылыстану пәнін оқыту әдістемесі
бағытындағы еңбектері.
1. Жаратылыстану
пәнінің негізгі бағыты және даму тарихы,
кезеңдері.
Мектепте жаратылыстану
пәнінің енгізілуі және оның дамуын 3 кезеңге
бөлуге болады. Айталық; 1-революцияға дейінгі кезең
болып саналады. Жаратылыстану оқу пәні ретінде орыстың жалпы
білім беретін мектебіне алғаш рет 1786 ж. енгізілді. Мектептегі білім
беруді реформалау кезінде үкімет халық училищелерінің
жарғысын жариялады. Ашылған училищелер шағын және
негізгі болып бөлінді. Жаратылыстану пәндерінің курсы тек
негізгі училищелердің бағдарламасына енгізіліп, олар география,
физика, жаратылыстану тарихынан тұрды. Жаратылыстану тарихы 4-сыныпта
оқытылды. Сол кездегі Халық училищесіне арналып жазылған
жаратылыстанудан алғашқы оқулық, оның авторы
натуралист, саяхатшы, академик Василий
Федорович Зуев болды.
Кеңес мектебі пайда
болған алғашқы кезінен – жаңа үлгідегі мектеп
құру міндеті күн тәртібінде тұрды. Міне осы
уақыттан бастап советтік кезең
(2-кезең) болып саналады. 1920 ж. қабылданған
бағдарламаларға сәйкес жаратылыстануды оқыту
мектептің 2-5-кластарына оқу пәні ретінде енгізілді,
әрі қарай пәндік оқыту жүзеге асырылды.
Жаңа бағдарламалар жасауға В.Н.Верховский, Б.Е.Райков,
А.А.Яхонтов қатысты.
XX ғасырдың 50–60-жылдары бастауыш мектептегі жаңа
бетбұрыстар, яғни жаңа бағдарламалар мен оқулықтардың
жарыққа шығуы.
Бұл кезеңдегі
табиғаттануды оқыту әдістемесінің дамуы П.А Завитаевтың, М.Н.Скаткин, А.А.
Перроттенің есімдерімен байланысты. Сонымен қазіргі
дүниетануды оқыту әдістемесінің дамуы осындай
кезеңдерден өткен. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін
Қазақстан республикасы жалпы білім беретін мектептің бастауыш
стандартына сәйкес «Атамұра» бағдарламасын енгізу шешілді.
Дүниетану–оқу жоспарында жаңа пән болып, ол «Адам»,
«Қоғам», «Табиғат» білім блоктарынан тұрады. Бұл
пән бұрынғы бастауыш кластарда оқытылған
«Айналамен таныстыру» (1-2 кластар), «Табиғаттану (3-4 кластар)
пәндерін алмастырады. Мұнда 1-4 класқа дейін дүниетану
пәні жеке пән ретінде, әр класқа даярланған бағдарламаға
сәйкес жүргізілу тиіс болды
2. Пәнінің оқу пәні ретінде енгізілуі. Академик
В.Ф.Зуев- жаратылыстану әдістемесінің негізін салушы,
еңбектері, әдістемелік ұсыныстары
В.Ф.Зуевтің бұл кітабы
«Жаратылыс тарихының бейнелері» деп аталған және ол
«Қазбалар әлемі», «Өсімдіктер әлемі», «Жануарлар
әлемі» делінген үш бөлімнен тұрды.
Оқулықтың алғашқы бөлімі жерлерді,
тастарды, тұздарды, жанғыш заттарды, металдарды сипаттауға
арналған. Өлі табиғатты зерттеу топырақты, сазды
және құмды сипаттаудан басталды. Екінші бөлімі
өсімдіктердің тіршілігі мен құрылысын зерттеуге
арналса, ал үшінші бөлімде зоология материалдары кірістірілген.
В.Ф.Зуевтің оқулығы сол мезгілде мектептегі жаратылыстану
бойынша бірінші бағдарлама,
әрі мұғалімнің алғашқы
әдістемелік құралы болды. Мұнда автор заттай
көрнекілікті пайдалануды, мүмкін болмаған жағдайда
ғана суретін қолдануды насихаттады. Ол жергілікті табиғатты
және адамға пайдалы өсімдіктер мен жануарларды зерттеуге
көп көңіл бөлді. В.Ф.Зуевтің бұл жетекші
әдістемелік құралы ширек ғасыр бойы
жаратылыстанудың негізгі оқулық ретінде қолданылды.
3. XIX ғасырдағы А.Я.Гердтің жаратылыстану пәнін
оқыту әдістемесі бағытындағы еңбектері.
XÌX ғасырдың
басында халыққа білім беру саласында маңызды өзгерістер
болды. Жаратылыстануды оқыту 1804 жылғы жарлық бойынша
айтарлықтай кеңейтілді. Жаратылыстану жеке пән болып
оқытылмаса да оқушыларға табиғат, ауыл
шаруашылығы және адам денсаулығы туралы қысқаша
мәліметтер беру ұсынылды. Мұндай оқудың
мақсаты табиғат құбылыстары туралы түсінік
қалыптастыру еді. Гимназия мектептерінде жаратылыстану пәнін 2 -
класс пен 4 - класта оқытылды.
Пәнді ойдағыдай
оқыту үшін мұғалімдерге оқушыларды
табиғатқа ғана емес, сондай-ақ фабрикалар мен
зауыттарға экскурсияға шығару ұсынылды. Жарлық
бойынша барлық гимназия
мектептерінде табиғаттың барлық үш
патшалығы бойынша табиғи көрнекілік ретінде коллекциялары
болу тиіс деп талап етілді. Сонымен бірге жергілікті материалды
пайдалануға айырықша көңіл бөлінді.
Уақыт өте келе
пән мазмұны өзгерді, тіпті 1828 жылы жалпы білім беретін
мектептерде жаратылыстану оқу пәні ретінде ширек ғасыр бойы
өткізілмей қалды. Бұл декабристер көтерілісінен
соң үкіметтің ғылым атаулыға сенбеуінен
туындаған реакция еді.
Жаратылыстану мектепке
ұзақ үзілістен соң, 1852 жылы оралды. Бекітілген
бағдарлама бойынша бастауыш мектептің 1- класында пәнді
оқытуға 2 сағат бөлінді. Одан кейінгі сыныптарда
сәйкесінше биология, география, физика пәндері оқытылды.
Ал 1864 жылғы жаңа
мектеп реформасының жарлығына сәйкес реальдық
және классикалық гимназиялардың бағдарламасынан
пропедевтикалық курсы алынып тасталды да, биологияны, географияны
және физиканы оқыту пәндік түрі сақталды. Осы
кезеңде кіші мектеп жасындағыларға жаратылыстануды
оқыту әдістемесін дамытуға ерекше үлкен үлес
қосқан Ушинский Константин Дмитриевич болды.
Ушинский Константин Дмитриевич (1824-1870) – бастауыш білім беру
саласындағы аса ірі педагог-әдіскер. Ол кіші мектеп
жасындағылардың логикалық ойы мен тілін дамыту үшін
бастауыш мектептерде жаратылыстану және географияны оқып үйренуге
үлкен мән берді. Ол көрнекі құралдармен
оқытудың қажеттігін дәлелдей келе көрнекілік
теориясын талдап жасады.
К.Д.Ушинский табиғат
құбылыстарын бақылау және оны қорыту
білімнің қайнар көздері болуы керек деп атап көрсетті.
«Жаратылыс ғылымдары түгелдей адамның ақыл ойының
табиғат құпиясымен осынау мәңгілік күресі
болып табылады» - деп жазды.
К.Д.Ушинскийдің бастауыш
кластарда жаратылыстануды оқыту жөніндегі
көзқарастары «Ана тілі»,
«Балалар әлемі» деген кітаптарында, сонымен бірге
мұғалімдерге арналған «Ана тілі» кітабында және «Балалар әлемі»
оқулығының кіріспесінде ашып көрсетеді.
Әдістемелік тұрғыда К.Д.Ушинскийдің кітабы үлкен
жетістікке ие және ол ерекше педагогикалық білгірлікпен
жазылған деп бағаланаған . Кітап көрнекілік және
оқушылардың өздігінен ойлау белсенділігін жүйелі
түрде арттыру негізінде құрылған. Кітаптың
өн бойындағы материалдар жеңіл, әрі қарапайымнан
күрделіге қарай орналастыру принципі сақталынған,
әрбір жеке тақырып материалы тұтас кейінгі
тақырыптағы материалдармен байланысып отырады.
К.Д.Ушинский балалардың
дамуы үшін тікелей табиғаттағы бақылаулардың
орасан мәні бар, педагогтың сөзінің онымен
бәсекелесуі қиын деп көрсетті. Сондай-ақ, ол
«табиғат логикасы балалар үшін ең жеңіл және
ең пайдалы логика» деп есептеді.
Осы кезеңде
жаратылыстануды оқыту әдістемесін дамытуға және А.Я.Герд (1841-1888) елеулі үлес
қосты. А.Я.Герд жаратылыстану
оқушыларға дұрыс дүниетаным, оларда белгілі бір
көзқарас қалыптастыруы тиіс деп санады. Ол 1877 жылы
жаратылыстанудың мектептік курсын құру жоспарын жариялады.
Осы жоспар бойынша 2-және 3-класта табиғаттың
органикалық емес әлемін оқып үйрену ұсынылды.
Мұнда тау жыныстарының, топырақтың, минералдардың
қасиеттері сияқты түсініктер, әртүрлі тау
жыныстарының шығу тегі, жанартау, жер сілкіну ұғымдары,
пайдалы қазбаны пайдалану т.с.с. материалдар кірді.
А.Я.Гердтің пікірінше,
бастауыш мектепте жекелеген жаратылыс ғылымын оқып білуге орын
жоқ, табиғатты зерттеп, танып білуге кешенді тұрғыдан
келу қажет, яғни біріккен пән түрін енгізу керек
дегенді насихаттайды. Оның «Құдірет әлемі»
оқулығы мен «Заттық сабақтар» деп аталатын
әдістемелік құралдары көп жылдар бойы өлі
табиғат курсын оқып-үйренуде мұғалімнің
негізгі әдістемелік көмекші құралы болып келді.
Өзінің әдістемелік еңбектерінде А.Я.Герд бірқатар
идеялар ұсынады. Айталық;
1. Практикалық сабақтар мен
экскурсияларда баланың өзіндік белсенді әрекетін тудыра білу;
2. Мектептің тірі табиғатпен
байланысын кеңейту;
3. Табиғатты танып білу үшін тікелей зерттеу жүргізу;
4. Бастауыш кластарда табиғатты
зерттеуге кешенді тұрғыдан келу;
5. Оқушылардың эволюциялық
көзқарасын қалыптастыру.
А.Я.Гердтің осы
сияқты көптеген идеялары мектеп практикасында көп жылдардан
соң, яғни тек біздің уақытта кең қолдау
тапты.
70-жылдардағы реакция 1871
жылы жаратылыстануды гимназияның бастауыш кластарынан алып тастауға
әкелді. Ал жоғары кластарда бұл циклді пәндерді
оқыту күрт қысқарды. Кейбір гимназияларда бұл
пәнге мүлде тиым салынды. Тек либеральдық училищелердің
жоғары сыныптарында ғана ол қысқартылған
түрде оқытылды.
Капитализмнің дамуы
XÌX ғасырдың соңындағы революциялық
қозғалыс мектептегі білім беру ісін реформалау қажеттігін
туғызды. Қоғамдық пікірдің қысымымен
Халық ағарту министрлігі гимназиялық білім беруді түбірімен
қайта құру мәселесін қоюға
мәжбүр болды. 1901 жылы
комиссия құрылып, жаратылыстану пәнін орта
мектептің барлық класында енгізуді ұсынды. Бұл жобаны
қоғамның либеральдық бөлігі
мақұлдады, ал классикалық білім беруді жақтаушылар
мұны құр әурешілік деп санады, өйткені бастауыш
сынып оқушылары жаратылыс ғылымдарын түсінбейді деп есептеді.
Жаратылыстану саласы бойынша
сарапшы ретінде натуралист Д.Н.Кайгородов шақырылды. Ол кезде
Д.Н.Кайгородов табиғат туралы ғылыми – көпшілік
кітаптардың авторы ретінде белгілі болатын. Бірнеше жыл бойы ол
табиғаттың жылнамасын жариялап, Россияда фенологияның дамуына
жол ашқан. Д.Н.Кайгородов мектепте табиғатты зерттеудің
міндеті деп балаларды «табиғатты көріп, естіп, түсіне білуге
және табиғатпен біртұтас байланыста екенімізді сезіндіруге үйретуден
тұрады»-деп насихаттады. Алайда ол жаратылыстану баланың
ақыл–ойын дамытуда маңызды роль атқарады деген
көзқарасты қолдаған жоқ. Табиғат оның
пікірінше «өскелең ұрпақтың рухани–адамгершілік
тұрғыдан сауығуына» қызмет етуі тиіс. Сондықтан
анатомиялық-морфологиялық және физиологиялық
мәліметтер баланың табиғатты қабылдауын бұзады
деген жаңсақ пікірді қолдады.
Д.Н.Кайгородовтың
бағдарламасы табиғи бүтін бірлестікті зерттеуден тұрды.
Ол мынадай алты бірлестікті көрсетеді: орман, дала, бақ,
шалғын, тоған және өзен. Әр бірлестік
алғашқы үш класта жыл мезгілі бойынша қарапайымнан
күрделіге қарай оқытылуы тиіс болды және
жаратылыстануды оқытудың негізгі тәсілдері экскурсиялар мен
фенологиялық бақылаулар деп санады.
Д.Н Кайгородов жаратылыс
ғылымдарының ғылыми жүйелі білімі қажет дегенді
теріске шығарды. Сондықтан педагог ғалымдар оның
бағдарламасына қарсы болды. Осы келіспеудің нәтижесінде
Халық ағарту министрлігі Д.Н Кайгородовтың
бағдарламасын қайта қарап, бастауыш кластарда оны
қысқартуға мәжбүр болды.
Содан кейінгі жаңа
бағдарлама авторы Петербург университетінің профессоры, зоолог
В.М.Шимкевич болды. Бұл бағдарламаға А.Я.Гердтің
бастауыш мектепке арналған идеялары қоса алынып, ол мынадай
мазмұнда болды:
1 - класс
Қатты, сұйық,
газды заттармен танысу; Қыздыру барысында дене көлемінің
ұлғаюы; термометрмен танысу.
Су. Суды сүзу, мұзға айналуы, булануы,
тұманның және шықтың пайда болуы;
тұздың еруі мен кристалдануы; ауа құрамындағы су.
Ауа, ауаның серпімділігі,
қысымы, қозғалысы; Ауа құрамы және тыныс
алу және жану кезіндегі ауаның өзгеруі.
Топырақ,
топырақтың құрамы; тау жыныстары (қарапайым
физикалық қасиеттері).
2 - класс
Тұқым,
тұқымның құрылысы, құрамы және
өнуі.
Сабақ, сабақ
түрлері және атқаратын қызметі. Бүршік.
Тамыр, түрлері және
қызметтері; тамырдың түрөзгерісі.
Жапырақ,
құрылысы мен түрлері.
Гүл, түрлері, құрылысы мен
бөліктерінің атқаратын
қызметтері.
Жемістер, түрлері мен
таралуы.
3 - класс
Адам қаңқасы
және оның құрамы. Сүтқоректілер,
құстар мен балықтардан
айырмашылығы.
Ас қорыту мүшелері;
Қан айналу мүшелері; тыныс алу мүшелері; Сезім
мүшелері. Тері жабыны.
Осы бағдарлама
«табиғаттану» курсы атауымен мектеп бағдарламасына мықтап
енді, онда білім «табиғаттың үш патшалығы» бойынша
жүргізілді. Жаратылыстанудың бастауыш мектепке арналған
барлық оқулықтары осы нұсқа бойынша
құрастырыла бастады.
1902 жылдың күзінен
бастап бағдарлама барлық мектептерге толық енгізілді. Курс
бастауыш мектепте «Табиғаттану» деп атала бастады. Оқу материалы
төмендегідей жүйеленді:
1 - класс. Өлі табиғат.
2 - класс. Өсімдіктер.
3 - класс. Жануарлар мен адам.
Бақылау
сұрақтар мен тапсырмалар
1. Ғылымның
1-тарихи даму кезеңіне сәйкес еңбектер және
олардың ерекшеліктері мен маңызы қандай? (пікірталас)
2. Сол еңбектердегі идеялардың қазір
практикада қаншалықты қолданыста?
3. К.Д.Ушинскийдің табиғатты танып
білу үшін қай әдісті көп жақтады?
4.Өзінің әдістемелік
еңбектерінде А.Я.Герд қандай идеялар ұсынды?
5. Д.Н.Кайгородовтың
бағдарламасының негізі қандай?
6.В.М.Шимкевичтің бағдарламасының
мазмұнын қазіргі таңдағы бағдарлама
мазмұнымен салыстыр.
Қажетті әдебиеттер
1. Аймағамбетова Қ.
Дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. –Алматы:
Полигафия-сервис и К., 2006.-248 б.
2. Сихимбаева С.М. Дүниетану теориясы мен технологиясы. Оқу
құралы. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2008.- 148 б.
3. Петросова Р.А., Голов В.П., Сивоглазов В.И. Методика обучения естествознанию и экологическое воспитание в начальной школе.- Издательский центр: Академия, 1999.-96с.